Іс шаралар

1-курс студенттеріне арналған «Қош келдің студент» тақырыбында тұсаукесер кеші 

2017 жылдың 20 қазан күні университетіміздің Жастар комитеті мен студенттік ретораттың ұйымдастыруымен 1-курс студенттеріне арналған «Қош келдің студент» тақырыбында тұсаукесер кеші өтті. Кешті университет президентінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.М.Бердалиева ханым студенттерді құттықтап, белсенді студенттерге университет кілті мен сынақ кітапшаларын табыстады. Кештің соңы мерекелік концертпен жалғасты. Жалпы тұсаукесер кеші студент жастардың көңілдерінен шықты.

Мектеп оқушыларының бес күндік оқу жүйесіне көшудің пайдасы мен зияны

2017 жылдың 20 қазан күні Жастар комитеті мен студенттік ректораттың ұйымдастыруымен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Мектеп оқушыларының бес күндік оқу жүйесіне көшудің пайдасы мен зияны» тақырыбында «Педагогика» және «Жаратылыстану-техникалық» факультеттері арасында пікірсайыстан (дебаттан) жарыс өтті. Қатысушы командалар өздерінің білімділігімен, алғырлығымен, ораторлық қасиеттерімен ерекшелді. Қос команда да өз ұстанымдарын жоғарғы деңгейде қорғап шыға алды. Жарыс қорытындысы бойынша «Жаратылыстану-техникалық» факультеті жеңімпаз атанып финалдық ойынға жолдама алды.

  

 

«Өлкетану» бағдарламасы

Жастар комитеті мен студенттік ректорат Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып үстіміздегі жылдың қазан айының 22-жұлдызында «Өлкетану» тарихи орындарды танып-білу бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданында орналасқан Бәйдібек ата, Ақмешіт пен Домалақ Ана тарихи жерлеріне барып, танысып қайтты. Университетіміздің студенттік ректоры Ахан Дидар сапардың ұнағанын, алдағы уақытта тағы да бағдарлама жалғасын тапса деген өз ойын білдіріп кетті.

Студенттік жәрмеңке

 

«Жастар комитеті» мен студенттік ректораттың ұйымдастыруымен студенттер арасында жәрмеңке болып өтті. Жәрмеңкеде студенттер өздері пісіріп алып келген тағамдарын сатты. Жастар комитетінің төрағасы М.С. Егембердиев мырза – жәрмеңкенің мақсаты сатудан түскен қаржыға қаламызда орналасқан балалар үйіне барып мерекелік концерт қойып, сыйлыққа ойыншықтар тарату болып табылатындығын айтып өтті. Жалпы жәрмеңке университет оқытушылары мен студенттедің көңілдерінен шықты.

 

«Үш тұғырлы тіл»

Тіл адам баласының басты қазынасы болғандықтан – тіл байлығы елдің елдігін, жұртшылығын, ғылымы мен әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам-құрылыстары мен салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің – мұрасының қай дәрежеде екенін танытатын дәлелді көрсеткіші. Әр халықтың ғұмыры – оның тілінде.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» - деп айтқан болатын. Елбасының үштұғырлы тіл саясаты  аясында шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінде кезек күттірмейтін өзекті де келелі мәселелердің бірі болып отыр. Алайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп ақын жырлағандай, өз тілінде еркін сөйлеп, өз тілін құрметтейтін тұлғаны баулысақ, өзге тілді қадірлейтін тұлғаны баулитынымызға көз жеткіземіз. Сондықтан да «Мемлекеттік тілді үйрету балабақшадан басталуы тиіс. Бұл - заман талабы» - деген елбасының қағидасына сүйене отырып, қазіргі таңда балабақшадан бастап мектеп табалдырығын аттаған сәттен ана тілін меңгертуге, сауаттылыққа күш салынуда.

Елбасымыздың жүргізіп отырған үш тұғырлы тіл саясаты халық арасында әлі де дау тудырып отыр. Негізінен даудың туындауы үш тұғырлы тіл саясатын кеңінен түсіндірімегендіктен туындап отыр. Жалпы осы саясатты студент жастар мен оқытушылар арасында түсіндіру мақсатында Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті  Жастар комитеті мен студенттік ректораттың ұйымдастыруымен 2017 жылдың қазан айының 26-жұлдызында «Экономика және заң» факультеті мен «Жаратылыстану-техникалық» факультетінің арасында «Үш тұғырлы тіл» тақырыбында пікірсайыс финалы өтті. Сайыс қорытындысы бойынша «Экономика және заң» факультетінің студенттері жеңімпаз атанып, арнайы кубокпен марапатталды.